Семей қ.,
Қайым Мұхамедханов көшесі, 8
8 (7222) 52-48-27
Пайдалы демалыс!
03-06-2019 17:17
Пайдалы демалыс!

3 маусымнан бастап облыстық балалар биологиялық орталығы базасында орналасқан экологиялық жазғы лагерь 120-дан аса мектеп оқушыларына есігін айқара ашты.

Жазғы демалыс кезінде балалар белсенді дем алып, оқу бағдарламасымен, үйірмелер мен секциялардағы  материалдармен танысады. Лагерьдегі сабақ барысында балалар табиғаттың маусымдық құбылысына фенологиялық бақылау жүргізеді, биологиялық бөлімдердегі жануарлар мен өсімдіктерге тәжірибелер мен эксперименттер жасайды, өздігінен биология курсы бойынша жазғы тапсырмаларын орындап, білімдерін толықтырады.

Мектеп оқушылары үшін таза ауада қызықты қимыл ойындары, табиғат аясына танымжорықтар мен экскурсиялар ұйымдастырылады, биологиялық және экологиялық бағыттағы викториналар, байқаулар, пікірсайыстар өткізіледі. Оқу жылынан кейін балалардың шаршағанын басуға, денсаулықтарын жақсартуға және бір-бірімен еркін араласуына ықпалын тигізеді.

Осы жазда, лагерьдің 5 ауысымында, қала және қала маңайындағы жалпы білім беретін 15 мектептің 600-ден аса оқушыларының дем алуы көзделіп отыр. Әр ауысымдағы экологиялық лагерьдің өзінің тақырыптық атауы бар: 1-ауысым «Табиғат әлемінің досы бол», 2- ауысым «Орманшы және оның табиғаттағы достары», 3- ауысымда «Ғажайып ортаның сырын ашу», 4- ауысымда «Үлкен табиғаттың кішкентай құпиялары» және 5- ауысым «Жаз бояулары».